Креатинин (CITO)
Сипаттама
Қандағы креатинин деңгейін бүйрек қызметін бағалау үшін анықтайды. Креатинин — энергетикалық алмасуға қатысатын зат креатиннің алмасу өнімі. Креатиннің көп бөлігі қаңқа бұлшықеттерінде болады. Креатин метаболизмі барысында креатинин түзіледі, ол бүйрек арқылы шығарылады. Қалыпты жағдайда креатинин бүйрек шумақтарында еркін сүзіледі, оның қан айналымына кері сіңуі болмайды. Ал бүйрек қызметі бұзылған болса, креатинин толық шығарылмайды. Оның бір бөлігі қанға қайта сіңеді, сондықтан зат ағзада біртіндеп жиналады. Оның қандағы мөлшері біртіндеп жоғарылайды. Бүйрек неғұрлым нашар жұмыс істесе, креатинин деңгейі соғұрлым жоғары. Алайда оның мөлшері креатининнің қаншалықты тез шығарылатынына ғана емес, түзілу қарқынына да байланысты. Сондықтан қарқынды бұлшықет жұмысы, үлкен бұлшықет массасы, көп мөлшерде ет тұтыну, креатин биоқоспаларын қабылдау деңгейдің қалыпты жоғарылауына әкелуі мүмкін, ол ешқандай ауруды білдірмейді.
Қандай жағдайларда креатининге қан тапсыру керек: Егер науқасқа бүйрек арқылы шығарылатын кез келген дәрі тағайындалса, емдеуді бастар алдында қандағы креатинин деңгейі әрқашан бағаланады. Ол жоғарылағанда дәрілер тым баяу шығарылады, бұл олардың қанда жиналуына әкеледі. Талдау нәтижелері бойынша дәрігерлер препарат дозасын азайту немесе басқа дәрілік құралдарды тағайындау туралы шешім қабылдай алады.
бүйрек ауруларының симптомдары: бел ауруы, беттегі ісінулер, артериялық қысымның жоғарылауы, зәрдегі қоспалар;
бүйрекке уытты дәрілерді қабылдау;
бұрын өткерілген бүйрек аурулары – олардың мүшелер жағдайына қалай әсер еткенін түсіну үшін;
бүйрек ауруларының қауіп факторлары: егде жас, қант диабеті, артериялық гипертензия, атеросклероз;
УЗИ-де немесе басқа зертханалық талдаулар көмегімен анықталған бүйрек зақымдануының белгілері.
Талдауға дайындық
Қан таңертең аш қарынға, сағат 7-ден 11-ге дейін аралығында тапсырылады. Соңғы тамақтанудан қан алуға дейін кемінде 8 сағат өтуі тиіс. Суды әдеттегі режимде ішуге болады. Қан тапсыруға 24 сағат қалғанда шылым шегуден бас тартып, алкогольді, шайды, кофені, шырынды болдырмаңыз. Дене жүктемесін (спорт, жүгіру, баспалдақпен жылдам көтерілу) және эмоциялық қобалжуды болдырмаңыз. Зерттеу қарсаңында, кешке, майлы тағамсыз жеңіл кешкі ас ішіңіз. Қан тапсыруға 15 минут қалғанда демалып, отырып, тынышталған жөн.